Ар -  жақсылық  пен зұлымдылықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілік ұғым.  Бұл-адамның іс-әрекетін ақиқат,шындық пен әділдік жөніндегі ұғымдар түсінігіне байланысты реттейтін,парыздың қаншалықты орындалған немесе орындалмағанын анықтайтын нені істеп,неден бас тартуға тура келетінін көрсететін сезім.


Қысқасын айтқанда ,ар –парыздың бақылаушысы, адам өмірін реттеушісі. Ұждан (араб тілінде «табу»)- өзіңнің шынайы болмысыңды, сол арқылы ақиқатты тану. Ұжданының қалай тіл қатып тұрғанын келген адам ести бермейді. Неге? Өйткені ұждан таза болу керек! Ұждан құмарлықтың ыңғайына көңіп, алдап-арбау арқылы атақ-мансап,байлық –дәулет қуып кеткен адамның жан-дүниесін сәулелендіре алмайды. Ар-ұждан –ең асқақ адамгершілік қасиеттердің жиынтығы және адамның осы қасиеттері жоғары бағалап, құрметтей білуі.
Халқымыз «ар», ұждан, «намыс», «ұят», «абырой» ұғымдарын қатты қастерлеген. Ол «Жаным-арымның садағасы», «Атаңның  баласы болма,адамның  баласы  бол»,Әдептілік,ар-ұят –адамдықтың белгісі деп ар-ұжданды адамгершіліктің туы етіп көтерген. Ар-ұждан адамның өзін-өзі қадағалап,сынап,бағалауына, өзіне –өзі есеп беріп,өзін-өзі тәрбиелеуіне өлшем болады.   Адам өз ұжданына құлақ түре білсе, оның үнемі ақиқатқа шақырып, дұрыс жол сілтейтіндігіне көз жеткізеді. Ол өзінің ар-ұжданы арқылы зұлымдықтан  арылып, ата-ананы сыйлау, ұрлық  жасамау, өтірік айтпау,басқаларды алдамау сияқты игі өмір жолымен жүреді.